Жариялау этикасы

«Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-тәжірибелік журналы халықаралық Жариялау этикасы комитетінің қағидаттары мен нормаларына сәйкес қағиданы ұстанады (ағыл. Committee on Publication Ethics, COPE, https://publicationethics.org/guidance/Guidelines).

Жариялау этикасы редакторлардың, рецензенттердің және авторлардың этикалық мінез-құлық нормаларын, қағидаттары мен стандарттарын, мүдделер қақтығысын, әдепсіз әрекеттерді анықтау шараларын, сондай-ақ мақаланы қайтарып алу (ретракция), түзету және теріске шығару жөніндегі нұсқаулықтарды белгілейді.

Жариялау процесінің барлық қатысушылары, атап айтқанда, әр автор, ғылыми редактор, рецензент, жауапты хатшы, журналдың редакциялық алқа мүшелері – жарияланым этикасының қағидаттарын, нормалары мен стандарттарын сөзсіз ұстануы міндетті. Этикалық қағидатты сақтау ғылыми журналдың сапасын қамтамасыз ету және қолдау үшін де, сондай-ақ жариялау процесіне қатысушылар арасында өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.

Этикалық емес мінез-құлықтарға авторлардың, баспагер немесе редакторлар өз мақалаларына рецензияны дербес ұсыну, келісілген және жалған рецензиялау, ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау үшін агенттік қызметтерге жүгіну, жалған авторлық, зерттеу нәтижелерін бұрмалау және қолдан жасау, сенімсіз псевдоғылыми мәтіндерді жариялау, авторлардың рұқсатынсыз мақалаларды басқа басылымдарға тапсыру, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға беру, авторлық құқықтар мен редакциялық процестердің құпиялылық қағидаттарының шартын бұзу, дәйексөздермен манипуляция жасау және плагиат жатады .

 Редакциялық алқа мүшелерінің жариялау этикасы қағидаттары

Журналдың редакциялық алқа мүшелері басылымның дамуы мен жетілдірілуіне, сондай-ақ халықаралық дерекқорға енгізілуіне жауапты. Өз қызметінде олар пікір білдіру еркіндігі қағидаттарын басшылыққа алуы, авторлар мен оқырмандардың ғылыми және кәсіби қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұмтылуы тиіс. Алқа мүшелері материалдарды жариялау туралы шешімдерге авторлардың, рецензенттер мен баспагердің коммерциялық мүдделерінің ықпалын болдырмауға міндетті. Сонымен қатар, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және баспа процесінің барлық кезеңінде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауы қажет. Редакциялық алқа мүшелері журналға авторлар ұсынған материалдарды жариялау туралы шешім қабылдауға жауапты. Редакциялық алқа қолжазбаларды авторлардың нәсіліне, жынысына, діни сеніміне, этникалық тегіне, азаматтығына, саяси көзқарастарына немесе коммерциялық мүдделеріне қарамастан, олардың интеллектуалдық және ғылыми мазмұнына негізделе отырып бағалауы тиіс.

Қолжазбаны жариялау туралы шешім қабылдау. Журналға ұсынылған мақалаларды жариялау туралы шешімді журналдың редакциясы безендіру талаптарына сәйкестігін, плагиатқа тексеру нәтижелерін және ғылыми рецензиялауды ескере отырып  қабылдайды. Редакциялық алқа қолжазбаны басып шығару туралы шешім қабылдау кезінде журналдың саясатын мен жариялау этикасын басшылыққа ала отырып, плагиат белгілері бар, ғылыми этика қағидаттары мен стандарттарын және нормаларын бұзу немесе авторлық құқықтарын бұзу белгілері бар мақалаларды жариялауға жол бермейді.

Редакциялық алқа этикаға жатпайтын мінез-құлық, плагиат, өзіндік плагиат, авторлармен шамадан тыс өзіндік дәйексөз келтіру және мүдделер қақтығысы бар мақалаларды жариялағаны үшін жауапты. Егер мақаланы жазу кезінде жариялау және/немесе ғылыми этика қағидаттары бұзылғаны анықталса, ғылыми редактор редакциялық алқа шешімі негізінде жарияланымнан бас тартуы міндетті.

Мақалалар автор (авторлар) немесе журнал редакциясы тарапынан қайтарып алуы мүмкін. Жариялау және/немесе ғылыми этика бұзылған жағдайда, редакция СОРЕ (COPE) ұсынымдарына сүйене отырып, жарияланған мақалаларды алып тастайды (ретракция жасайды). Мақала келесі жағдайларда қайтарылады/алынып тасталады (ретракцияланады):

- алынған деректердің сенімсіздігі немесе олардың бұрмалану арқылы алынғандығы туралы айқын дәлелдер болған жағдайда, мысалы, деректерді қолдан жасау;

- қолжазбаның журналда жарияланғанға дейін басқа басылымда жарық көргені анықталған кезде;

- мақалада плагиат анықталған жағдайда, оның ішінде иллюстрацияларды, графиктерді, кестелерді және т.б. пайдалану кезінде;

- мақалада басқа ғалымдар мен олардың зерттеулеріне теріс әсер етуі мүмкін өрескел қателер анықталған кезде, мысалы, экспериментте қате немесе есептеуде қателік жіберілген болса;

- үшінші тұлғалар тарапынан мақалаға немесе оның жекелеген бөліктеріне авторлық құқыққа қатысты шағымдар туындаған кезде;

- мақалада жариялау және/немесе ғылыми этика қағидаттарына, стандарттарына және нормаларына қайшы келетін ақпарат болған жағдайда.

Жоғарыда көрсетілген жағдайларда журналдың редакциялық алқасы тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша мақала қайтарылуы (ретракциялануы) мүмкін. Ол үшін мақаланы алып тастау (ретракциясы) туралы ғылыми редактормен расталып, қол қойылған акт жасалады. Актінің көшірмесі хат алмасу үшін авторға жіберіледі.

Осыдан кейін мақала журналдың веб-сайтында себептерін көрсете отырып, кері қайтарылған деп белгіленеді. Редакция мақаланы кері қайтарып алу туралы ақпаратты журнал сайтының басты бетінде жариялайды және кері қайтарып алу процедурасы аяқталғаннан кейін ақпаратты журналдың келесі нөмірінде орналастырады.

  «Педагогикалық өлшемдер» журналының редакциясы жарияланған нөмірлерде анықталған бұзушылықтарға қатысты барлық негізделген өтініштерді мұқият, объективті және жауапкершілікпен қарастырады. Редакция авторлар мен рецензенттердің жарияланған материалдарда қателіктер мен бұзушылықтарды байқаған жағдайда, бұл туралы дереу хабарлауды олардың жауапкершілігі мен міндеті деп санайды. Құпиялылық қағидаттары. Қолжазбаны қарау кезеңінде (оның жариялануына дейін) редакторлар мен редакциялық алқа мүшелері ол туралы ақпаратты авторлардан, тағайындалған рецензенттерден және баспагерден басқа ешкімге хабарламауы тиіс. Қарауға ұсынылған кез келген қолжазба құпия материал ретінде қаралуы тиіс. Ғылыми редактордың рұқсатынсыз қолжазбаларды үшінші тұлғаларға көрсетуге немесе оларды талқылауға тыйым салынады.

Редакциялық алқа мүшелері бас тартылған қолжазбалардың мазмұнын авторлардың жазбаша келісімінсіз өз зерттеулерінде пайдаланбайтындығына кепілдік береді.

Этикаға жатпайтын мінез-құлыққа қатысты шағымдарды қарау. Редакциялық алқа мүшелері қолжазба автор(лар)ының немесе журналда жарияланған мақалалар автор(лар)ының этикаға жатпайтын мінез-құлқына қатысты әрбір шағымды келіп түскен уақытына қарамастан жеке қарастыруы тиіс. Редакциялық алқа мүшелері мұндай шағымдарды объективті және әділ қарауға міндетті.

Шағымда келтірілген уәждер расталған жағдайда, редакция алқасының мүшелері қолжазбаны жариялаудан бас тартуға және корреспонденция үшін жауапты автормен әрі қарайғы ынтымақтастықты тоқтатуға, тиісті теріске шығаруларды жариялауға, сондай-ақ автордың (авторлардың) этикаға жат мінез-құлқының алдын алу үшін өзге де шаралар қолдануға құқылы.

Редакция алқасы, оның мүшелерінің лауазымдық міндеттері мен жауапкершілігі. «Педагогикалық өлшемдер» журналы ғылыми редакторының, жауапты хатшысының және редакция алқасы мүшелерінің лауазымдық міндеттері мен жауапкершілігі журнал құрылтайшысы бекіткен лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетілген.

 Автордың (авторлардың) жарияланым этикасының қағидаттары

Жарияланымның бірмәртелігі. Авторлар редакцияға ұсынылған мақала қолжазбасының басқа басылымдардың қарауына жіберілмегеніне кепілдік береді. Қолжазбаны бір мезгілде бірнеше журналға/басылымға ұсынуға жол берілмейді және бұл жарияланым этикасының қағидаттарын, стандарттарын және нормаларын өрескел бұзу болып табылады.

Қолжазба авторлығы. Қолжазбаны дайындауға ең көп зияткерлік үлес қосқан тұлға (екі немесе одан да көп автор болған жағдайда) авторлар тізімінде бірінші болып көрсетіледі. Мақаланың соңғы нұсқасын дайындауға, редакциялық алқамен байланыс орнатуға жауапты, зерттеуге жеткілікті үлес қосқан барлық қатысушылардың (авторлар саны бірден көп болған жағдайда) авторлар тізіміне енгізілуін қамтамасыз ететін әр мақала үшін бір байланыс авторы тағайындалады, сондай-ақ, ол қолжазбаның соңғы нұсқасын редакцияға жібермес бұрын барлық авторлардың мақұлдауын алуы міндетті. Қолжазбада/мақалада көрсетілген барлық авторлар жұмыс мазмұны үшін жауапты. Авторлар жұмысқа деген авторлық құқықтарын өздеріне қалдырады. Барлық мақалалар Creative Commons Attribution лицензиясының шарттары бойынша жарияланады, бұл түпнұсқаға тиісті дәйексөз келтірілген жағдайда кез келген тасымалдағышта (носителе) шектеусіз пайдалануға, таратуға және қайта шығаруға мүмкіндік береді.

Түпнұсқалық қағидаты. Авторлар қолжазбада баяндалған зерттеу нәтижелері түпнұсқалық дербес жұмыс болып табылатынына, сондай-ақ қолжазбаны тексеру барысында плагиатқа қарсы жүйе арқылы анықталуы мүмкін дұрыс емес үзінділер мен плагиаттың жоқтығына кепілдік береді.

Авторлар этикаға жат мінез-құлық, плагиат, өзгенің еңбегін иемдену, шектен тыс өз-өзіне сілтеме жасау, деректерді бұрмалау, қолдан жасау, деректерді бұрыс көрсету, жалған авторлық, қайталап жариялау, мүдделер қақтығысы және алдау белгілері бар мақалаларды жариялағаны үшін жауапты.

Авторлар мақаланың мазмұнына, соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдалана отырып дайындалған бөлімдеріне толық жауапты болады. ЖИ-ді тек мәтіннің грамматикасы мен стилистикасын жақсарту үшін ғана пайдалануға жол беріледі. Деректерді жинау немесе талдау үшін ЖИ қолданылған жағдайда, авторлар бұл туралы «Әдістеме» бөлімінде егжей-тегжейлі сипаттауға міндетті. Жасанды интеллект мақаланың авторы немесе бірлескен автор ретінде көрсетілмейді.

Дереккөздерді растау қағидаты. Авторлар зерттеу барысында пайдаланылған ғылыми және өзге де дереккөздерді дұрыс көрсетуге міндеттенеді. Өзге жұмыстардың кез келген бөлігі пайдаланылған және/немесе басқа авторлардың тұжырымдары алынған жағдайда, қолжазбада түпнұсқа авторларын көрсете отырып, библиографиялық сілтемелер берілуі тиіс. Күмәнді дереккөздерден алынған ақпарат қолжазбаны рәсімдеу кезінде пайдаланылмауы керек.

Егер рецензенттерде, ғылыми редакторда немесе журналдың редакция алқасы мүшелерінде зерттеу нәтижелерінің түпнұсқалығы мен шынайылығына қатысты күмән туындаған жағдайда, авторлар қолжазбада келтірілген нәтижелерді немесе фактілерді растау үшін қосымша материалдар ұсынуға тиіс.

Жариялау барысында қателерді түзету. Жариялау процесінің кез келген кезеңінде жұмыстан қателер мен дәлсіздіктер анықталған жағдайда, авторлар бұл туралы шұғыл түрде ғылыми редакторға хабарлауға және қатені жоюға немесе түзетуге көмектесуге міндеттенеді. Бұл журнал сайтында тиісті түзетуді (Erratum немесе Corrigendum) түсініктемелермен бірге жариялау үшін қажет. Түзетуге келмейтін өрескел қателер анықталған жағдайда, авторлар қолжазбаны/мақаланы кері қайтарып алуы тиіс.

Жариялау этикасын сақтау қағидаты. Авторлар зерттеулерге қатысты сын-пікірлер мен ескертулерге, сондай-ақ рецензиялау және жариялау мәселелері бойынша редакциямен өзара іс-қимыл жасауға байланысты этикалық нормаларды сақтауға міндетті. Авторлардың этикалық қағидаттарын сақтамауы жарияланым этикасын өрескел бұзу болып есептеледі және қолжазбаны рецензиялаудан және/немесе жариялаудан алып тастауға негіз болады.

 Рецензенттің жариялау этикасы қағидаттары

Рецензиялаудың объективтілік қағидаты. «Педагогикалық өлшемдер» журналының рецензенттері қолжазбаға сараптамалық бағалауды объективті түрде жүргізуге міндеттенеді. Қолжазба авторының (авторларының) жеке басына сын айтуға жол берілмейді. Рецензент өз ескертулерін дәлелдеп, қолжазбаны қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімін негіздеуі тиіс. Рецензент (рецензенттер) қолжазбаны рецензиялау процесінде автордың (авторлардың) ұлтын, діни сенімін, саяси немесе басқа да көзқарастарын назарға алмауы және ескермеуі керек.

Рецензенттің редакциялық шешімдерге қосқан үлесі. Рецензент дайындаған сараптамалық бағалау редакцияның жариялау туралы шешім қабылдауына ықпал етеді, сондай-ақ авторларға қолжазбаны жақсартуға көмектеседі. Қолжазбаны жариялауға қабылдау, жұмысты өзгерту немесе пысықтау үшін авторға қайтару, не болмаса жариялаудан бас тарту туралы шешімді редакция алқасы рецензиялау нәтижелеріне сүйене отырып қабылдайды.

Уақытылы рецензиялаудың қағидаттары. Рецензент рецензияны редакция белгілеген мерзімде, бірақ қолжазбаны рецензиялауға алған сәттен бастап 4 аптадан кешіктірмей ұсынуға міндетті. Егер белгіленген мерзімде мақаланы қарау және рецензия дайындау мүмкін болмаса, рецензент бұл туралы ғылыми редакторға дереу хабарлауы тиіс.

Егер рецензент өзінің біліктілігі ұсынылған қолжазбаны рецензиялау кезінде шешім қабылдау үшін сәйкес келмейді немесе жеткіліксіз деп санаса, бұл туралы ғылыми редакторға дереу хабарлауға және қолжазбаны рецензиялаудан бас тартуға тиіс.

Рецензент тарапынан құпиялылық принципі. Рецензиялауға берілген қолжазба құпия материал ретінде қарастырылуы керек. Рецензент оны басқа тұлғаларға көрсетуге және/немесе олармен талқылауға тек журналдың ғылыми редакторынан және/немесе авторынан (авторларынан) жазбаша рұқсат алғаннан кейін ғана құқылы.

Рецензиялау және жариялау процесін қамтамасыз ету барысында алынған ғылыми жұмыстың ақпараты мен идеяларын рецензент (рецензенттер) жеке басының пайдасы үшін пайдаланбауы тиіс.

Дереккөздерді растау принципі. Рецензент қарастырылып отырған қолжазбаның зерттеу нәтижелеріне әсер етуі мүмкін, бірақ автор (авторлар) келтірмеген ғылыми жұмыстарды көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, рецензент қарастырылып отырған қолжазба мен өзіне мәлім бұрын жарияланған жұмыс арасындағы айтарлықтай ұқсастыққа немесе сәйкестікке ғылыми редактордың назарын аударуға міндетті.

Егер рецензенттің қолжазбада плагиат, дұрыс емес дәйексөздер, жалған және қолдан жасалған материалдар немесе зерттеу нәтижелері бар деп пайымдауға жеткілікті негіздері болса, ол қолжазбаны жариялауға жібермеуге тиіс және жарияланымдық әрі ғылыми этика принциптерінің, стандарттары мен нормаларының анықталған бұзылуы туралы журналдың ғылыми редакторын хабардар етуге міндетті.

Мүдде қақтығысы

Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (COPE) анықтамасы бойынша, мүдделер қақтығысы — бұл авторлардың, рецензенттердің немесе редакция алқасы мүшелерінің жарияланатын материалға қатысты пайымдауларына әсер етуі мүмкін жасырын мүдделері бар қайшылықты жағдайлар. Мүдделер қақтығысы рецензент пен редакция алқасы мүшелерінің ғылыми пайымдауына және соның салдарынан қолжазбаны жариялау туралы редакция алқасының шешіміне ықпал ете алатын қаржылық, жеке немесе кәсіби жағдайлар болған кезде туындайды.

Журналдың жауапты редакторы қолжазбаны жариялау процесінің барлық қатысушыларынан мүдделер қақтығысын ашуды талап етуі тиіс.

Ғылыми редактор, редакция алқасының мүшесі және рецензенттер редакция алқасының шешіміне қандай да бір түрде әсер етуі мүмкін ықтимал мүдделер қақтығысы туралы хабарлауға міндетті. Егер редакция алқасының мүшелері қолжазба авторының (авторларының) зерттеу нәтижелеріне байланысты қандай да бір бәсекелестік қатынастарда болса немесе өзге де мүдделер қақтығысы орын алса, қолжазбаны қараудан бас тартуы керек.

Қолжазбаны журналға қарауға ұсынған кезде автор(лар) қолжазба мазмұнында зерттеуді қаржыландырудың барлық көздері көрсетілгенін мәлімдейді, сондай-ақ ұсынылған қолжазбаға қатысты мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін коммерциялық, қаржылық, жеке немесе кәсіби факторларды көрсетеді. Автор(лар) мүдделер қақтығысы болған жағдайда, ілеспе хатта өздерінің пікірінше қолжазбаны объективті бағалай алмайтын ғалымдарды көрсете алады.

Рецензент қолжазбаға қатысы бар авторлардың кез келгенімен бәсекелестіктен, ынтымақтастықтан немесе басқа да қарым-қатынастардан туындайтын мүдделер қақтығысына себеп болуы мүмкін қолжазбаларды қарамауы тиіс.

Қолжазба мазмұнына байланысты мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, жауапты редактор бұл туралы ғылыми редакторды хабардар етуі керек, содан кейін ғылыми редактор қолжазбаны тексеруді және рецензиялауды басқа редакторға/рецензентке тапсырады.

Объективтілікті қамтамасыз ету үшін редакция алқасының мүшелері журналда күнтізбелік бір жылда 1 мақаладан артық жариялай алмайды. Редакция алқасының мүшесі мақала ұсынған кезде, ол өз қолжазбасын рецензиялауды ұйымдастыру процесінен толықтай шеттетіледі.

Қарау және рецензиялау процесіне қатысушылар арасында мүдделер қақтығысының болуы қолжазба міндетті түрде қабылданбайды дегенді білдірмейді.